Австралиядағы қояндар…

Бір ай бұрын Ақтауға жұмыс бабымен барып, бір айдай болған едік. Мен, сосын менің группалас құрбым, енді коллегам, сосын оның күйеуі, баласы. Құрбым өзі бір аңғырттау жан, оған неше түрлі «прикол» ұстап қоятынымды жасырмаймын.

Осы шағын ұжым күнде кешкісін шағын үстел басында бас қосып анау-мынау әңгімелерімізді айтып шай ішеміз. Күндіз қол боста теңізге барамыз, әдетте бұдан кейін үйдегі әңгіменің көбі теңіз турасында болады. Сондай бір кеш.

-Осы Каспийге акула әкеліп жіберсе не болады екен, немесе дельфинді  – деді құрбымның жолдасы.

-Болмайды – дедім мен.

-Неге? Дельфин жақсы ғой, адамның досы…

-Бола берсін, бәрібір олар жыртқыштар, Каспий тұйық су, бұнда олардың жауы жоқ, балықтың бәріне қырғидай тиіп, тңіздің экосистемасын бұзуы мүмкін.

-Ол қалай сонда?

-Ол деген, мысалға Австралиядағы аса көбейіп кеткен улы бақалар мен үй қояндары сияқты. Мысалға Австралияда бұрын қояндар болмаған, оны Европа отарлаушылары өздерімен бірге әкелген, сосын оларды табиғи жауы болмағасын аса қарқынмен өсіп, бүкіл құрлықты жаулап алған. Жыл сайын мемлекет миллиондаған қаржысын жойып қояндармен күреседі, ол мемлекетке үлкен шығын әкелген. Австралияда қояндар….

-Асылбек, ана жолдың арғы бетіндегі магазинде біз жолда жегендей дөңгелек самса бар екен- деп сөзімді орта жолдан бөліп жіберді құрбым.

– Қаншадан? – деп жолдасының құлағы елең ете қалды.

-80 теңге.

-Сол өте дәмді болды ия жолда алғанымыз…

Мен отырып қалдым. Өзімді ешқашан бұндай ақымақ сезінбеген шығармын.

Advertisements

Иехооооуууу…..

Вордпресс қайта ашылыпты….. алдында өз блогыма өзім кіре алмай, жауып тастағандарға өкпем қара қазандай болып, блогымды мүлде тексермей қойғам. Және аяқ асты жұмыс ауыстырып, жол жүріп кетуіме байланысты ғаламтордан қол үзіп қалғанмын. Бүгін түскі үзілісті пайдаланып блогыма кіріп, қуанышымды білдіріп отырмын. Сонымен осы уақыт ішінде не өзгерді? меніңше көп нәрсе өзгергендей, өз жан-дүниемде, жеке өмірімде. Өмірге басқа қырынан қарай бастадым десе де болады. Ағыспен қоса ықпай, өз өміріңді толыққанды сүру керек екенін енді ұққандаймын. Алдыңа мақсат қойып, оны нақтылап және оған жете білудің адам өмірін күрт өзгертетіне көзім жете түсті. Сонымен қазір позитив толқынындамын 😉 Блогымды келесі жүздескенше деп жауып қояйын.

Ұялы телефонды қалай таңдаймыз?

Қазіргі нарықтағы әртүрлі өндірушілер ұсыған санқилы телефондардың ішінен өзің ең қажетті және тиімдісін қалай таңдап алуға болады? Қазнетті біраз қопарғаныммен тұщымды ақпарат таба алмадым. Сұрақ жауап сайтында ғана азғана мәліметтер бар. Сонымен, қандай телефон жақсы? Негізінен бұл жазбам шәйнектер мен телефон туралы түсінікті тілде ақпарат алғысы келгендерге арналған. Бұл жерде мен қайсібір телефонның техникалық сипаттамаларын бермеймін, мысалға GPRS/EDGE немесе CDMA/GSM стандарты деген сияқты әріптер жиынтығын кәсіби мамандар жазғаны дұрыс болар. )))

Телефон таңдар алдында бірінші ойланатын мәселе телефон сіз үшін сөйлесумен қатар қандай функцияларды атқару қажет деген сұраққа жауап іздеңіз. Телефон қазір телефон ұғымынан едәуір алыстап кетті. Телефон салонына барғанда «қандай қарадыңыз, телефон ба әлде смартфон ба?» деген сұрақты естіп түсінбей қалған болсаңыз осы жазбаны оқығаннан кейін түсінетін боласыз. Біріншіден смартфон, бұл дегеніміз телефон мен қалта компьютерінің ортасындағы дүние болып саналады, қалаған бағдарламаңызды орнатып, пайдалана аласыз деген сөз. Бұл жерде смартфондарды зақымдайтын вирустардың бар екенін, және онымен жұмыс жасау кезінде сәл ойланып тұрып қалатынын ескеру керек (әңгіме тек симбиан қолданатын смарттарға байланысты, андроид немесе виндоуз мобайл жүйесіндегі смарттарды қолданып көрген жоқпын). Нервіңіз жұқа, шыдамсыз болсаңыз онда телефон сатып алыңыз. Сонымен, егер сіз музыкасыз өміріңіздің мәні жоқтай көрінетін, меломан болсаңыз онда мультимедияға лайықталған Нокианың N қатарындағы телефондарды немесе Экспресс мьюзик Х серияларын (жалпы Нокианың осал тұсы музыка мен дыбысталуы деп ойлаймын), Сони Эрикссон walkman телефондарын, Самсунг телефондарын таңдаған абзал. Суретке түсіріп оны өңдеу басты мақсатыңыз болса (әсіресе қабақтын астынан қарап, басыңды төмен қаратып, өзіңді-өзің түсіріп «мирға» қоятын болсаңыз) осы нокианың N сериялы телефондарын таңдаған дұрыс, олардың оптикасы Карл Зейсс, мегапиксельдері көбірек болады. Ал егер жұмысбасты, қолыңызда телефон мен компьтердің жұмысын қоса атқаратын гаджет керек болса Нокианың Е сериясын таңдаған абзал. (әрине смартфондардың Самсунг, Сони Эрикссон т.б. маркалары туралы сөз қозғап отырған жоқпын, оны пайдаланып көргендер жазсын). Егер сіз телефонды тек сөйлесіп, смс жазу үшін тек телефон ретінде пайдаланатын болсаңыз онда жалпитып Е72 сынды немесе N8 сынды қымбат аппаратты мақтаншылық үшін алудың қажеті жоқ, 6700 сынды классикалық, тиімді телефонды ала салыңыз. Көптеген адамдардың қолынан күшті жабдықталған функционалды смартфонды көріп жүрмін, бірақ көбі оның артықшылықтары қалай пайдалануды білмей, жай телефон ретінде тұтынып жүр. Жалпы, телефон тұрғысынан эксперт емеспін, тек өз қолымнан өткен телефондарға баға бере кетейін.

Ең алғашқы телефоным Нокиа 8280 қарапайым, монотонды телефон, көп пайдаланып үлгерместен суға кетіп «қайтыс» болды.

Одан кейінгі Самсунг Х100. Күнінде болған телефон, біршама қызығын көрдім. Қазір моральдық /физикалық тұрғыдан ескіріп қалды.

Одан кейінгі Моторола «ұстара», Razer V3i , сырты жылтыр болған мен осы телефон менің Моторола тұқымын көрместей болуыма себепкер болды. Артықшылықтары: әдемі, жіңішке, әуенді таза ойнатады.

Кемшіліктері: тұла бойы тұнған кемшілік, қайсыбірін айтайын.

Одан кейінгі Нокиа Е50 смартфоны. Осы телефон менің Нокиа компаниясына деген құрметімді арттырып, Е сериясына деген махаббатымды оятты  🙂

Бар жоғы 20 мың теңгеге алынған телефон, өндірістен алынып тасталғанымен функционалдығы жағынан ұтымды және өте сапалы болды Әрине бірінші майл-агентті қондырып, екінші ABBYY лингво сөздігін қондырып алдым. Камерасы өте әлсіз, 1,3 мегапиксел, бірақ мен үшін бұл маңызды емес. Корпусы темірден жасалған, ешқандай сықырлау-мықырлау дегенді білмейтін, балғадай болатын. Тіпті ашу қысып асфальтке бар күшіммен атып ұрғанда шашылып түсіп, қайтадан жинағанда мыңқ етпей жұмыс жасай берген. Керемет мықты әрі тиімді аппарат. Өзінің бағасына тұрарлық. Операциялық жүйесі Симбиан 9.1 нұсқасы. Атап айтатыны Нокиа Е сериясын бизнеске лайықтап жасаған. Бұл серияның телефондарының дауысы жай, мультимедиялық мүмкіндіктері шектеулі, атап айтсақ суреттерді өңдеу функциясы жоқ, және де камералары әлсіз болып келеді. (Соңғы Е 71, 72 типтегілеріне 5 мп камералармен жабдықталған)

Одан кейін Нокиа N95 телефонын қолдану бақытына ие болдым. 5 МП камерасы бар, 8 Гб ішкі жадылы S60 платфорасындағы Симбиан операциялық жүйесінде жұмыс жасайтын мультимедиялық слайдер-смартфон. Алдыңғы бетінде қосымша камерасы бар, бұл видео-қоңырау шалатындар үшін. Түсірген фотоны өңдеу функциясы бар. Асфальт Урбан және Фифа ойындарының демо-версиясын ойнап көруге болады. Слайдер болғасын сықырлап, уақыт өте келе экраны босап былқылдап қалды. Динамигі бұзылып үні шықпай қалды. Бір артықшылығы экраны үлкен әрі жарық, түсірген фотоларының сапасы өте жоғары, жарқылдауығы бар. Аудио өзегі 3.5 мм екені де плюс. Жалпы жақсы аппарат.

Одан кейінгі таңдауым әрине Е сериясына түсті. Телефонға деген тәбетім мен таңдауым жақсы болғанмен, бюджетке байланысты 30 мың теңге көлеміндегі аппарат алу қажеттілігі туындады. (Сенсорлы телефон алуға болатын еді, бірақ сенсор атаулыны жақтырмаймын, әрине алмафонды пайдаланып көргенім жоқ, мүмкін оны пайдалансап пікірім өзгерер.) Бұл жерде әрине осы сегменттегі бюджеттік телефон Е63 болды, өзіме қажетті функциялардың бәрі, атап айтқанда FM радио, Wi-Fi,  Quik Office, Adobe Reader, Nokia Map, қондырылған сөздік осындай ұсақ-түйек болғанымен көңіл қуантады. Және де QWERTY пернетақта. 2 мп камера, жарқылдауық, фонарик. Бір айта кететіні егер сіз қолданатын вай-фай желісі кілттелген болса, онда интернет-шлюздің ақауы деп мәлімдеп тұрып алады. Бұл қиындықты шешу үшін айпи адрес, маска подсети, шлюз және DNS сервер нөмірін қолдан енгізесіз. (кейбір кілттелмеген вай-файларға қосылып алып чайковать еткенімді жасырмаймын J ).  Бірінші ретте әрине м-агент, мини-Операны қондырып алдым. Ютуб, фейсбук, ови сынды сайттар қонып тур. Онан соң Каспер қондырдым. Бір қатты қуанғаным антивирустың қоңыраулар мен смс тарды қара немесе ақ тізімге қосу мүмкіндігі. Ұнамсыз контактілердің нөмірін қара тізімге салып қоясыз да тыныш ұйықтайсыз. Нөміріңіз сол абонент үшін мәңгілік «занят» болып үзіліп кетеді де жіберген смс-тары жетпейді, Каспер жойып жібереді!!! Сосын телефон ұрланған/жоғалған жағдайда, басқа сим карта салынған кезде сіздің почтаңызға немесе нөміріңізге телефонда мынадай нөмірлі симка тұр деп жасырын смс жібереді де, «телефонды иесіне қайтар!» деп жауып тастайды, былайша блоктап тастайды. Оны ашуды ұрылар білуі керек, дегенмен пайдасы тиюі де мүмкін. Экраны таза, үлкен әрі жарық. Йцукен клавиатураның қолайлылығын сезіне отырып смс пен хат жазасың.  Бұл серияның флагманы қазіргі таңда Е72 мен Е5 болса керек, дегенмен негізгі функциялары бірдей, олардың бағасының жоғарылығы жоғарда айтылып кеткендей камерасының пикселі мен корпус материалдарында болса керек. Шынын айтқанда Е 63 тің корпусы өте осал қауырсын, бұны Е50 құсатып асфальтқа ұра алмайсың, дегенмен бұл аппарат та өз бағасына әбден лайық құрал.

Артықшылықтары: баға+сапа, 3.5 мм аудио-өзек.

Кемшіліктері: дыбысы жай, камерасы шамалы, корпусы әлсіз, дауыс шығаратын-басатын түймелері жоқ, флеш-картаны бөлек сатып аласың, наушнигі шамалы, диск берілмейді.

Телефон айтарлықтай ескі болғанмен әлі күнге өз құндылығын жоғалтқан жоқ, сондықтан алам деушілерге берер кеңесім ойланбастан алыңыз. Ал Сони Эрикссон, LG, Панасоник сынды телефондарды пайдаланбағасын баға бере алмаймын. Қысқаша осылай.

P.S. негізі кірпіш сименске ештеңе жетпейді  🙂

Ән ұлттық рухты оята ма?

Сонымен көптен тастап кеткен блогымды аздап жаңартып қояйын.

Өткенде Русское радионы тыңдап отырып бір жағдайдың куәсі болдым. «Золотой граммофон» сайысының үміткерлерін хабарлап отырған диджей қазір Русское радионың тарихында болмаған жағдай орын алады, тұңғыш рет орыс радиосында басқа тілде ән шырқалады деп хабарлады. Сөйтті де өзбек әншісі Согдиананың «Только не молчи» әнін өзбек тіліндегі нұсқасын эфирде шырқалып қоя берді.

Азуы алты қарыс, жыл сайын Кремль сарайында концерт беретін бүкіл Ресей тыңдайтын радиода тұңғыш рет басқа тілде, соның ішінде өзбек тілінде ән шырқалуы бүкіл өзбектердің мерейін үстем қылғаны анық және оған себепкер ұлты өзбек емес (!) Согдиана болды. Осыдан соң қолым тигенде Согдиананың биографиясын интернеттен оқып шықтым. Ташкентте 1984 жылы туып-өскен, шешесі Лариса Федоринская, әкесі Владимир Нечитайло, жастайынан музыкаға құмар болған жас қыз өсе келе өзбек тілінде ән жазып, оны өзі орындап талай жүлделерге ие болады. Ал 2006 жылы Ресейдің «Фабрика звезд-6» сайысына қатысып, бүкіл Ресейге, одан әрі ТМД ға танымал болады.

Осыдан-ақ өзбектердің ұлттық намысының бізге қарағанда жоғары екенін айқын көрсетіп тұр. Неге?  Салыстырайық, А-студио ресей сахнасында 1989 жылдан бері келе жатқанымен, сол Ресейді бір ауыз қазақша ән салмаған болар (немесе мен естімедім). Егер сол мүйізі қарағайдай Байғали Серкебаев бастаған топ бір ғана қазақша әнді сапалы қылып жазып, Кэти Топурия шырқап берсе тілімізге деген құрмет өсе түсер еді. Тіпті ресей автономиясы болып табылатын Татарстанның әншісі, ағылшынша білім алған Алсудың өзі ресейде гала-концертте бүкіл орысты жиып қойып татар тілінде ән айтқанын тд-дан көргем. Онымен қоймай «Туған тіл» деген диск шығарыпты. Музыканың ұлт тәрбиесінде атқарар маңызы өте зор екенін олар түсіне білген демек. Ал бізде ше? Егер алып-қашпа сөздерге сүйенсек, Мақпал Исабекова (МАКІ) сәл ғана ресей-шоу бизнесінің табалдырығынан аттай салып «мен қазақша ән тыңдамаймын» депті-мыс. Өзбектер өзге ұлтқа өз тілін үйретіп, өздеріне сіңдіріп және олардың талантын пайдаланып жатса, біздер өз қазағымызды қазақшаға үйрете алмай жатырмыз, 20 жыл болды. Аттай 20 жыл… Жылағың келеді…

Ең мықты жігіт

«Менің аяғымды қисық  қылып неге тудың?» Осындай сұрақты анама қойдым ау бір кезде еп-ерсі болып. Бәлкім балалық шығар…

Бірақ жасы отызға таяғанда осындай сөздерді айтып, ана жерім анау, мына жері мынау деген адамдарды көріп жүрмін. Ютубты аралап отырып Ник Вуйчич туралы видеоға тап болдым. Аяқ астынан.

Бұл жігіттің өмірге деген құштарлығы мен ерік-жігері еріксіз бас идіреді. Роликті қарап отырып көзімнен сырғып аққан жасты тыя алмадым.

Сілтемесі мынау: http://www.youtube.com/watch?v=c68-Y1z9V7w&feature=related

Хоккейші қыздарымызға респект!!!

Кеше хоккейші қыздардың қуанышында шек болған жоқ, алтын жүлде! Олардың мұзға шыққандарын жібермей қарауға тырыстым. Әсіресе Жапон құрамасын қандай қиындықпен жеңгендері естерінде ғой. Әнұран ойналғанда «менын елым, менын жерым» деп қолдарын жүректеріне қойып, жамырай әндеткерін көріп қатты толқыдым. Жалғыз екі қазақ, қалғаны орыс бола тұра Қазақ елінің намысын жыртқан осы көк көзді, сары шашты қыздардың қасында елім үшін ештеңе жасай алмағаным үшін ұялдым, қызықтым, намыстандым. Шаштары терден суланып, қуаныштан гүл жайнаған біздің спортшылар көк жалауды жамылып алып суретке түсуде… Жарайсыңдар!!!

P.S.:  Орыстар анау, орыстар мынау деп кейбіреулеріміз монитордың бер жағында күңкілдеп отырмыз.

«Сені жақсы көремін»

Біздің көрші әйел шешеме келіп не алып не қойғанын санамалап кететін. Мысалға 400 мыңға италиялық гарнитур, мың долларлық хрусталь люстра, т.б. Әңгімесін тыңдап отырып, сол заттар болмаса оның өмірінің мәні жоғалатындай болып көрінетін. Келіндері де соған сай – дүние-мүлік олардың өмірлерінің басты құндылықтары.  Және жарысып алу қажет. Абысынымен. Көршісімен. Құрбысымен. Мүмкін дұрыс та шығар. Мүмкін… бірақ мына бір фильм біздің қоғамның осы бір әдетін айқын көрсетеді екен.

«Тіл» журналы бөліскен сілтемемен барып онлайн фильмге тап болдым. «Сені жақсы көремін…» деп аталады. Таң қалдым. Фильм 2008 жылы түсірілсе де ол туралы бүгін білдім.  Егер осы сюжет голливуд режиссерларында болса кім білсін, тәп-тәуір дүние шығарар ма еді? Бірақ басты рольдерді сомдаған қарапайым төрт адам – Жазира, Аман, Сәбит, Дастан барынша шынайы ойнаған.  Қарап отырсаң кәдімгі шынайы өмір. Әрбір жас қазақ отбасындағы қиындықтар, қоғамдағы коррупция, ақшаның аздығы, және бір-бірімен қазақи бәсекелестік.  Жүрегімнің түкпірінде осы бір 42 минутқа созылатын бюджеті жоққа жақын, қарапайым  дүние  атағы жер жарған «Астана махаббатым менің» сынды сериалдан он саты жоғарырақ орын тепті.

Спамство

Шыны керек спамға тойып біттім. Бірақ олар қарша жауғанын тоқтатар емес. Агентімде мүлде сөйлеспейтін алыс таныстарым мені тек қана спам қабылдаушы контакт ретінде пайдаланады (20 адамға толтыру оңай емес қой әрине). Кейде мен де ерегесіп жіберіп отырамын. Алла тағала, Пайғамбарымыз (с.а.с.), ана тақырыптары үздік үштікке кіреді.

Бүгін спамның шырқау шегіне жеткен мынадай түрін оқыдым:

«Salem. «Бул омiрде ен асылы АНА. АНАН ушiн статуска журек кой. Сол журектi кайдагы жок бiреулерге коя бермей, АНАН ушiн 1рет кой!
Ары карай адамдарга жiбер. Сосын байкайсын, канша адамдар АНАсын суйетiнiн! Мынаны жiберiп едiм ертесiнде жаксы жаналык естiдiм!
Аллах ешкiмдi алдамайды. Бул смстi 9 адамга тарат. Ертен жаксы жаналык естисiн, егер отiнiшiмдi орындамасан, 7 жыл жамандык коресiн. Ла иллаха иллалах, мухамадур РассулАллах. 10-адамга тарат, АЛЛА ушiн ерiнбе, кешке жаксылык жасайды коресiн. <###20###img039> Ананды силамайды екенсин,озин бил».

(Спамның стилі мен лексиконын сақталды.) Ренжіп тұрып жазыпты. Бір емес, екі емес, бақандай 7 жыл…  Таң қалғаным бұл емес, таң қалдыратыны осыны ойлап тауып жазатын авторлары.

Президенттік сайлау

Президенттік сайлау өткізуге ақша мен уақытты шығындап не керек, одан да бірден мерзімін ұзарта салу керек – деп кеше О. Сүлейменов айтқанда алғашында қандай масқара деп ойлап қалып едім, артынша ақынның айрықша ақылы менің ақылым жетпеген нәрсеге жетіп тұрғанын түсіндім. Шынымен де неге шашыламыз? Сайлауды өткіз не, өткізбе не нәтижесі бәрібір белгілі ғой.

«Жағымсыз болса жақтырма, әлде басқа жұмыс таптың ба?!»

Атырау… Әлемнің қай елінде болмасын әйтеуір менің осы қалама келмеген бір адамы жоқ мемлекет болмас деп ойлаймын. Ал Қазақстанның қалалары әрине жоқ. Пойызда, кез-келген басқа қалада бір адаммен таныса қалсаң, (әдетте ер адам) «аааа, Атырау ма, онда мен бұрын болғанмын) деп шыға келеді көбі. Тіпті Бішкектегі таксисттың аузынан осыны естігесін мен таңғалуды қойдым. Бұған «кінәлі» әрине Қарабатан зауыты мен Теңіз жобалары. Айтқым келгені бұл емес, келе берсін, айтқым келгені олардың Атырауға деген көзқарасы. Әдетте «приезжийлардың» (әрі қарай келімсектер) аузынан қалам туралы жақсы лебіз естимін деп үміттенбеймін. Неден бастар екен деп күтемін. Көбісі масадан бастайды. «Ужааассс, сіздердің масаларыңыз, жеп қояды ғой, талап тастайды» деген мағынада. «Ой олар бізді шақпайды, біз үйреніп кеткенбіз» деп отқа май құйып қоямын. (Шынында шағады ғой, бірақ қайда қашып құтыларсың?). Сосын кезек балшыққа тиеді. «Батпаққа батыыып қалдық қой» деп әндетеді көбісі оңтүстіктің мақамымен. «Адамдарың джынды ғой, грубые, сервис шамалы, кондукторлар ұрсып сөйлейді» деген мағынадағы сөздерді айтпаса да біліп отырасың.  «Мамбетизм, как животные» деп автобуста тұрып тістенгенде дегенде басыма мүйіз шығып кеткен жоқ па екен деп төбеңді еріксіз бір сипап қаласың.   «Машиналар сұмдық қатты жүреді, пешеходтан басып кете жаздайды, правила сақтамайды» деп боқтанып жүреді келімсек жүргізушілер. «Маркеттеріңде дым выбор жоқ қой» деп маңғазданады Алматылықтар (пәленбай жыл астана болған Алматы мен Атырауда салыстырып жүрген өзіңде ми жоқ деп қалам ішімнен). «Қымбатшылық, бізде бәрі арзан» деп Шымкенттіктер айтады да, өздері біздің базарда қадалып алып кетпестен шалбар сатып жүреді. Келімсектердің көзіне күн тиеді, «сендерде зелень аз, вообще жоқ» деп айтудан олар да жалықпайды, «біздің жеріміз тұз ғой, тамыры ащы суға тигенде өліп қалады, особый уход керек» деп айтудан біз де жалықпаймыз. Әрі-беріден соң жайына жатқан Жайыққа тиісе бастайды. «Ваще суы лай, лас, одан біздің Каспий артық, осыны несіне дәріптеп әнге қосады?» деген сын айтады Ақтаулықтар. «Шешессс, сенің сол Каспиің немен қоректеніп жатыр Жайық барып құймаса? Балығың қайда шабақ шашады, қайтып жауларынан жасырынады егер өзен лай болмаса, ағыс емес пе?» деп айтыса кетемін. Енді не қалды? «Ауасы жаман, осында келгеннен бері шашым түсе бастады, ұйқым қанбайд» дейді. Не дейміз? Елдеріңе қайтыңдар онда. Айтылғандардың бәрі шындық, келісемін, бірақ бел буып келгеннен кейін сол жерге бейімделіп, жергілікті халықтың намысына тигенді қою керек қой. «Со своими уставами в чужой дом не входят».  Жалпы «жағымсыз болсам жақтырма, әлде басқа молда таптың ба?» деп Шаншардағы Ақтырна тәуіп айтқандай, жақтырмасаң өз үйіңе қайт, ешкім сені мұнда сүйреп әкелген жоқ қой деп айтқың келеді. Дұрысы билбордқа жазып қаланың кіреберісіне іліп қою. Слоганын да ойлап қойдым: «Су ішкен құдығыңа түкірме!»

Нағыз қыз болу оңай ма?

Тәп-тәтті смстер мен қызғылтым түсті күнделік, сұр түсті, жамау-жамау жүрек ұстаған қонжық…. Шағын қобдишадағы түрлі жылтырақтар мен сырғалар, айнаның алдындағы сансыз құтылар… Телефондағы қыздарға арналған тақырыптар мен «мен сенің көз жасың болсам деймін, бетіңде сырғып, сенің ерніңде өлсем деймін» деген сынды өлең-смстар… Дамылсыз телефон қоңырауы мен құрбылар арасындағы бітпес интригалар…. Тек соңғы сәндегі өлеңді тыңдап, оны дер уақытында телефон қоңырауына қойып үлгеру…

«Әрбір өзін сыйлайтын қыз балада пүліш қонжық болуы керек» дегенді құлағым шалған. Ендеше мен осы белгілердің біреуінсіз бойжеттім десе де болады.

Жалпы қыз балалардың сипатына сәйкес осындай әрекеттерден жұрдай екем… Маған гүл сыйласа ешқандай эмоциясыз қабыл алып, пүліш аюды қаншама рет құшақтап ұйықтайын десем де жастық қып жастанғанымды жасырмаймын. Жарғанат пен басқа да жәндіктерді көргенде қыздардың  дәстүрлі шыңғыруын да үйренбеппін. Өйтпек түгіл олардан тіпті де қорықпайтынмын.

Маған сыйлыққа гүл орнына әр түрлі гаджеттер мен дисктер сыйласа жанарымнан шынайы қуаныш байқалар еді.

Футболшыларды танитыным да өзіме үлкен минус, әйелдер қауымына жасалған сатқындығым. Балық аулағанды, фотоға түсіргенді ұнатып, машиналардың маркасын жазбай танитыным –  психикалық ауытқушылық болар.

P.S.

Кез-келген жерде өзінің әлсіздігі мен қорқақтығын паш етуге дайын тұратын бір танысым бар еді, «мен олай ете алмаймын ғой» деп майысып, киімінің шығып кеткен сырғымасын сала алмай тұрғаны. Сөйте тұра айласына түйе бойламайтынын ешкімге байқатпай, әлсіз, нәзік қыздың бетпердесін киіп алып, жігіттерді ұршықша үйіретін.

 

Қара жорға

Рекорд қойғымыз келгенмен (20 000 адам) ол болмай қалды.  Дегенмен Атырау жұртшылығы бір билеп қалды. Өзім түсірген фотолар, кәсіби болмағанмен…

«Давай, онда мосттың астында күт!»

Соңғы кезде бір жағдайды байқап жүрмін.  Басқаларын қайдам, бірақ біздің Атырауда «көпір» сөзі құрып бара жатқандай әсердемін. Кім сөйлесе де, жасына, жынысына қарамастан «мост» дегеннен танбайды. Олай айтпайтын жалғыз менің орысша сөйлемейтін анам сияқты.  Әлде Атырауда көпірдің көптігі әсер етті ме екен? Неге олай екен???

Нұр сәулетті Нұр-аға!

Қазақстан телеарнасынан Елбасы туралы әнді марш құсатып бір мұртты кісінің екпіндете айтып жүргенін көзім шалды (өкінішке орай мен үнемі басталып кеткесін көрем де сосын соңына жете алмай жүрмін, сол үшін жалпақ жұртшылықтан кешірім сұраймын). Алдында Нұрсұлтан атты оқушының Елбасы туралы жан тебіретерлік сөздерін күнде сериал басталар алдында қарап қанаттанып қалатынмын. Ел іші – өнер кеніші дегендей, ел арасындағы қарапайым адамдардың (атасы, әжесі, мұғалімдер, т.б.) актерлік қабілеттеріне қайран қалып қоям. Бала да керемет. Тек дауысы өзінікі ме екен деген ой маза бермей жүр. (Бірақ сөз Елбасы туралы болғанда осындай ұсақ-түйек пендешілік ой қайдан келеді екен, күпірлік деген осы ғой). Енді міне жаңа ән шықты. Бүгін гуглден Елбасы туралы мақалаларды іздеп едім, мынадай дүниелерді таптым. Сілтемелері мынау:

http://www.atazholy.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=56:2009-12-23-07-20-19&catid=43:2009-12-23-07-04-58&Itemid=56

http://www.zhastar.biz/index.php?name=pages&op=view&id=205&PHPSESSID=a197d85c42788a6068e98b80ba61c612

Қазақтың тілінің жалпақтығы мен шеберлігі, шешендігіне тағы бір көзімді жеткізген мақалалар. Әсіресе Әлжан ана көрген түс ше? Бәрі де қолмен қойғандай емес пе? Соңына дейін оқып шыға алмадым. Бірақ оқып шығуға тырысам. Елбасымыз аман болсын!

Фуу, мамбет, терпеть не могу мамбетов…

Оның әңгімесінің арасында осындай сөздерді жиі айтып қалады. Қара көзілдірікті жапсыра киіп, рөлде отырған құрбым айналасындаға адамдарды сипаттап келе жатыр. Жалпы, бұлай ету оның әдеті. Дос-жарандарының не айтқанын тәптіштеп айтып, сосын оны өз тұрғысынан бағалау. Әрине мен сенікі жөн деп басымды изеп қоямын арасында. Әйтпегенде айтысудың дым пайдасы жоқ екенін білем ғой. Арасында мыңқылдап пікір қосып қоямын. Оның мамбеттерге деген ренішін де түсінуге болады, орысша сауатты сөйлей алмайды екен олар. Соған ренжиді. Ренжімей ше? Осы күнде орысша сөйлемеу күнә емес пе? Күні кеше, Наташа ма, әйтеуір біреудің көзінше орысша  сөйлемеді деп дос қызына қатты ренжіпті. Ол түсінбейді ғой, ұят емес пе деп налып қалыпты. Мен қарсы шықтым. Әдеттегіше менің аузымды жаптыруға тырысты. Мен шарт сындым, егер менімен ұрысқың келмесе, онда осы әңгімені қояйық дедім. Осыны ойлап отырғанда осыдан шамамен бір жыл бұрынғы оқиғ есіме түсті. Офисте болатынбыз, хатшы қыз, орыс бастығымыз, менің әріптесім үшеуміз кабинетте әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Ортақ әңгіменің арасында хатшы қыз маған өзі туралы бірдеңелерді айтып, оған өзі күліп отырған. Ойымызда ештеңе жоқ. Біраздан соң орыс бастығымыз орнынан тұрып шығып кеткенде, әріптесім хатшы қызға қарап: «Ты поступила очень не красиво» деді. Байғұс қыздың түрі бұзылып кетті. Бақсақ, ол байғұс қазақша сөйлеймін деп жазып қалыпты. «перед ним было очень не удобно, он подумал что мы над ним прикалываемся, смеемся, он же не понимает, вот он поэтому и вышел» – деп қарааап тұр. Қатты ашу мен реніштен тұтығып қалдым. Кезінде мен бір ауыз орысша түсінбеген кезде, сенің алдыңда ұят болар деп ешкім қазақша сөйлеген жоқ, керісінше, маған түсінбеген өзіңнен көр деген ұсқынмен мысқылдай қараған болатын айналамдағылар. Міне, маған түсіну керек болды, мен орысша үйрендім, түсініп алдым. Осыны енді қалай жеткізерсің біздің орыстың сойылын соғып жүрген Тереза шешейлерге? Астын сызып айтарым, орыстарға деген ешқандай жаулығым жоқ, толеранттымын ғой, бірақ олардың аузынан қағып қазақша сөйлеуге, түсінуге мүмкіндік бермей жүрген өзіміздікілерге ренжимін.

Тек менің құрбымды сөге көрмеңдерші, ол өзі жақсы адам, тек әркім өзіне берілген оймен ғана өлшеп-пішетінін ұмытпайық.

Кеш жемісті болды. Сенімен және сеніммен қош айтыстым. Ішімнен. Сен әлі білмейсің.  Еш таң қалмаймын, жыламаймын, жынданбаймын, эмоция білдіруге тіпті де әлім жоқ. Түбі осылай боларын білгенмін. Сенікі дұрыс, бәрі дұрыс, сондықтан өзімді ақтап-жақтамаймын, тек осы спектакльді осынша созғаныма таңым бар. Маған керегі жоқ еді. Тек бастапқы инерциямен кете беріппін. Бірақ осы спектакльдің режиссері өзім екенін білемін. Қажет болса қайта созар едім. Бірақ нүкте қойғым келеді. Бояуы да дәмі де кетіп барады.  Менің көрермендерім маған, сенің достарың саған шапалақ ұрар… Сенің достарың мені шіріген жұмырқалармен атқылар. Менің айналам саған мүсіркеп қарар. Бірақ мұның бәрі бояусыз, дәмсіз спектакльде жасанды рольді ойнаудан жақсырақ. Осылай шынайы…

Блогшыларға сұрақ

Адамдар, өзімнің  вордпрессті қолдану барысында жасыл түсті шәйнек екенімді ескерте отырып сұраймын, менің  жазбаларымды ашқан кезде қазақша әріптер көріне ме немесе квадрат символдар тұра ма олардың орнында? Жауап күтем

Қызғаныш туралы

Қызғаншақтық…. Бұл жерде мал-мүлікті қызғану немесе көре алмаушылық туралы емес, сүйген адамын қызғану туралы жазғым келіп отыр.

Айналамдаға жақын адамдардың арасынан отбасынан сол жарының қызғаншақтығының кесірінен бұзылып, айырылысып кеткендері бар. Қып-қызыл, көзсіз қызғаншақтық.

«Пәленше саған неге қарады. Екеуіңнің сөздерің бар ма?» немесе «Жұртқа неге күліп қарайсың?» деген сынды топас қызғаныш. Тіпті, әйелін өзінің туған бауырынан немесе әйелін туған жездесінен қызғану. Құдайдың өзі бетін аулақ қылсын, бірақ біздің қоғамда инцест өте аз кездеседі, осы жүрек айнытарлық жаман әдет қызғаншақ адам үшін қалыпты жайт болғаны ма? Меніңше бұл ол адамның миында психикалық ауытқушылық бар екенін көрсететін сияқты. Тек сөзбен ғана емес, қол жұмсаушылық. Қызғаншақтық – ауру, емі жоқ ауру. Ең қорқыныштысы, қазір бұл ауру дін тарапынан жақсы аргументке ие. Мұсылман еркек әйелін қызғануы керек. Немесе мына хадисті алып қарайық;

Книга Брака. Глава 1319: Ревность. Сообщается, что (однажды) Са‘д бин ‘Убада воскликнул: «Если бы я увидел мужчину со своей женой, то ударил бы его мечом!» (Услышав это,) пророк, да благословит его Аллах и приветствует, сказал своим сподвижникам: «Вас удивляет ревность Са‘да? Однако, поистине, я ещё более ревнив, чем он, а Аллах более ревнив, чем я!» Бұл жерде сахаба бөтен еркектің басын шапқысы келсе, қазіргі заманғы қызғаншақтар өз әйелін төпелей жөнеледі.

Бірақ бұл жерде қызғаныш тек еркек тарапынан деген ұғым тумауы тиіс. Әйел қызғанышы да бар. «Сен не ділмарсып отырсың, басыңнан ештеңе өтке жоқ, көрмей –білмей не айтасың» деушілерге жауабым: өз басымнан өтпегенмен, ет жақын бауыр, таныс-достарымның басынан өтті, сондықтан бұл туралы сөз қозғауымның да себебі осы. Қазір осы қызғаншақтық ауру қоғамда өршіп келе жатыр. Бұл бір жағынан тұқым қуалап, генмен берілетін ауру (өз зерттеуім немесе ИМХО). Әрине, сүйген адамды қызғанбау мүмкін емес, ол табиғи жайт, бірақ оның емі сенім ғой. Сериалдағы Онур көптеген жақсы, ғибратты сөздер айтатын, соның бірі «Сүю деген сүйген адамыңа шексіз сенім» деген Шехрезаттың алдында күйініп тұрып. Ал егер жартың сені осылай көзсіз қызғана бастаса – онда ол өзі тұп-тура өзі портретін сала бастағаны. Адам солай жаралған, өзіміз байқамасақ та өзіміз қандай болсақ, қалғандарды да сондай деп ойлаймыз. Егер жартың саған сенімсіздік білдіріп, аяғы үлкен дауға ұласса, онда өзі де сондай осал, нәпсіге әлсіз, рухани төмен жан. Қанша жақсы көрсең де, екі қолыңды төбеңе қойып тұра қаш. Себебі ол жазылмайтын ауру, түзеледі деу бос әурешілік. Әрине бұл кәсіби психологтың тұжырымы емес, менің өз ойым. Өз күнделігім. «Мінез өзгермейді деген адамның тілін кесер едім» деп Абай айтқанменен, уақыт өте келе көзқарас пен әдет өзгереді, ал бірақ жаратылыстан туа бітетін мінез өзгереді деп өз басым ойламаймын.

Тоңазытқыштағы орамжапырақ

Бір күні досыммен телефонмен сөйлесіп отырып, «кешке тамақ дайындап қоярсың, тоңазытқышта орамжапырақ бар ғой» дедім. Шынымды айтсам, әдейі айттым. Әрине түсінбей қалды, оған да сын жоқ, орысша оқыған ғой. Үш рет қайталағаннан кейін, холодильникте капуста бар ғой деп едім, шек-сілесі қатып күлді.

Қайран қазақ тілі…

«Ақ ниет» гүлі

шай саңырауқұлағыБала кезімде әр нәрсеге құмар болдым. Жан-жануар, өсімдіктерді зерттегім келетін. Содан бір күні қолыма шай саңырауқұлағы түсті. Ішіне тәтті шай құйып ішіп мәз болып жүретінмін. (егер шай саңырауқұлағын, оның пайдалы қасиетін толығырақ білгіңіз келсе «чайный гриб» деп теріп гуглді басып қалыңыз) Жылдар өтті.

Жақында құрбым телефон шалды: Саған бірдеме бар еді беретін деп. Жақсы, берем деп тұрсаң алмайтын не жыным бар деп «әкел» дедім. Жоқ, бұл маңызды нәрсе, ойыншық емес – деді құрбым маңызды да салмақты дауыспен. Бұл Қасиетті Меккеден әкелінген «Ақ ниет» гүлі, оны үш апта өсіресің, әр апта сайын бір адамға, сөйтіп үш адамға таратасың, өзің бақыт тілейтін адамдарға – деді. Ішімнен сау басыма сақина тілеп алғанымды түсіндім. Офистегі ту сыртымдағы қурап тұрған бір гүлге су құюға желкем жар бермей жүрген қарағым, енді гүл өсіріп, жұртқа қалай таратам деп уайымдай бастадым.  Содан кейін – деп жалғастырды құрбым, – өзіңде қалған гүлді кептіріп, бір түн басыңа жастап жатасың да, сосын ертесіне ақ матаға орап, қасына қағазын қосып үйдің босағасына іліп қоясың. Өзі суда өсетін гүл екен. Есіме бірден ширатылып суда өсетін бөлме бамбугы түсіп кетті де «өзі қандай гүл?» деп сұрадым. Бақсам бақа екен демекші, сұрай келе, әлгі гүл деп жүргендері кәдімгі өзімнің шай саңырауқұлағым (Medusomyces Gisevi)  болып шықты. Оған қағаз нұсқаулық тіркеліпті, күніне бір шыныаяқ шай мен бір түйір қант салу церемониясы да бар екен. Дәл осы кезде сол саңырауқұлақ банканың ішінде быжылдап ашып үйімде тұрған, оның жұрт арасында «Ақ ниет гүлі» атағын иемденіп  Меккеден келгенін, ақ матаға оранып қандай құрметке ие болып жүргенін білмеппін. Саңырауқұлақтың өзі білмеген шығар…

P.S: жұрт арасында кеңінен тараған «письмо счастья», үнді иогтарының өсиеті, т.б. сияқты спамдар осылай пайда болатын шығар. Енді ол виртуалды түрден, материалдық түрге еніп тарай бастапты.

Әкем ұнатқан өлеңдер

Әкем марқұм Ахмет Байтұрсынұлының осы бір жұртыма деген өлеңін аузынан тастамай айтып, тамсанып отырушы еді. Тыңдап жүрсем де мән бермеппін.  Енді… бұл өлеңдерге комментарий беру артық болар.

«Жұртыма»

Бiрлiк қып iс етуге шорқақ, жұртым,
Табылса оңай олжа ортақ, жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған
Үрейсiз қоян жүрек қорқақ, жұртым.
Бiлмейсiң жөнiң менен терiсiңдi,
Ел болып iс етпейсiң келiсiмдi.
Үмiт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадық шабыс түгiл, желiсiңдi.

Жөн айтқан жұртшылықа адам болса,
Шығасың қолыңа алып керiсiңдi.
Бытырап бет-бетiңе жөнелгенде,
Көрдiң ғой жайылатын өрiсiңдi.

Келгенде өздi-өзiңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейiн өзге десе көнгiшiңдi.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кiм жұлмас оңайдағы жемiсiңдi?!

«Ақын iнiме»
Аз сөзге құлағың сал, ақын iнiм!
Ой, пiкiр, рухымыз жақын, iнiм.
Ағалық правосын қолыма алып,
Келемiн айтайын деп ақыл, iнiм.

Өзiмдi ағаңмын деп үлкейтемiн,
Онымды көремiсiң мақұл, iнiм?
Адасқан ағаңыздың жерi болса,
Тiлеймiн ете гөр деп ғафу, iнiм.

Жай жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,
Күресте кiм кетпейдi қапыл, iнiм.
Ат қойған аз-көбiне қарамастан,
Ақылға бiздер жарлы пақыр iнiм,
Доңыздай талғамай жеп семiргендер
Саналып ақылдыға жатыр iнiм.
Сүйiктi миллатыңа болам десең,
Нашардың көбiрек же хақын, iнiм.
Сыйласың десең жұртың қадiр тұтып,
Айғырсып, момындарға ақыр iнiм.
Бiлiмдi ел iшiнде болам десең,
Шешенсiп жоқты сөйлеп лапыр, iнiм.
Қолыңнан мұның бiрi келмес болса,
Кiсiмсiп ең болмаса қақыр, iнiм.
Сөзiңдi тыңдатайын десең жұртқа,
Ет асып табақ-табақ, шақыр, iнiм.
Аузымен орақ орып бәрiн де iстер,
Қымызды шара-шара сапыр iнiм.
Ет пенен қымыз берiп сөйлеп көрсең,
Айтқаның жұртқа балдай татыр iнiм.
Ақылың Аплатондай болса-дағы,
Етi мен қымызы жоқ – тақыр, iнiм.

Сектанттармен әңгіме:

Кеше Атыраудың күні Цельсий бойынша елу градус болмаса әйтеуір қырық градус болып күйіп тұрған (бүгін де сол). Жұмыстан кейін сүлдемді сүйретіп амалсыз үйден шығып бара жатыр едім, есіктің алдынан тым жақсы, жылы жүзд,і екі орта жастағы әйел адамдар қарсы алды.  «Ой, как хорошо что застали Вас дома» деп мәз болды әлгілер. Кәмелетке толғансыз ба? – деп сұрап жатыр. Иегова куәгерлері екенін ішім сезе қойды, себебі олармен бұрыннан да кездесіп жүргем. Қай қалада жүрсем де мені солар тауып алады, екі рет Қызылордада, бір рет Алматыда есік қағып үгіт-насихат жүргізген. «Сіздер Иегова куәгерлерісіз бе» деп сұрап едім, «біледі екенсіз ғой» деп қуанып қалды. Қанша рет кездессем де солардың әңгімені қалай бастайтынын есімде сақтай алмаймын. Бірінші дінге көп сенбеймін деп соқтым. Сосын олардың не дегені дәл есімде жоқ.

Құдай туралы түсінігім қандай екенін сұрап жатыр. Үлкендіктерін сыйлап, көңілдеріне тигім келмей жайма-шуақтап жатырмын:

– Құдай жалғыз ғой, тек әркім оған әртүрлі жолмен сиынып, сенеді.

–         Ал сол Құдай, өзіне әркімнің әртүрлі сенгенін қалайды деп ойлайсыз ба? Мысалға, ата-ана балаларының сан түрлі сенімде болғанын қаламайды ғой, Құдай да бізді баласындай жақсы көреді…

–         Жоқ, дегенмен, менің ата-анам мұсылмандар, сондықтан мен де мұсылман болуым керек…

–         Қызық екен, сонда дін мен сенім де тұқым қуалайды деп ойлайсыз ба?

–         Жоқ, дегенмен мен мұсылман әке-шешеден тудым ғой?

–         Сонда дін туа бітетін нәрсе ме әлде адам өз жүрегімен өз дінін, ақиқат дінді таңдау керек пе? (Өте провокациялық сұрақ)

–         Жоқ, мен енді мұсылман болып туғасын өлгенше сол мұсылман болатын шығармын – деп міңгірлеп төмен қарай түсіп кеттім.

Өздері маған бір ақыл-есі ауысқан кісіні көргендей таңырқап, мүсіркеп қарайды. Сосын байқағаным, олар екеу болып жүреді, орта жастағы жылы жүзді әйел адамдар және біреуі сөйлеп үгіттейді де қасындағысы үнсіз тыңдап тұрады, шамасы стажер болуы керек. Бұрынғы үш кездесуімде де осы тектес диалогтар болған. Сосын кришнайттармен де сұхбаттасып, тәттілерін жеп кітабын алып оқып қарағам, бірақ түк түсінбедім. Талай рет осындай секталардың ортасына кіріп тыңдап көрсем қайтеді, қандай екен деген әуесқойлық ойлар болған, бірақ жақын-жуықтарым жақындатпай қойды, «Ойбай, түсіп кетесің» деп… Уақытым болғанда солармен біраз мылжыңдасып тұруға да болатын еді.

Бір ауыз сөз…

Блогстанды кезіп жүріп замандастарымның блогтарын оқимын, сондағы байқағаным, бәрінде дерлік тіл, ана тіліміздің мәселесі бір рет те болса қозғалады. Қазақ бола бастағанымыздың белгісі ғой. Ендеше, мен де шет қала алмай, осы мәселе төңірегінде қолыма клавиатура алуыма тура келді.

Ауылда туып-өстім, орысшаға мақұрым едім, сыныпта шығарма мен мазмұндамада алдыма қара түсірмейтін қарағым, орыс тіліне келгенде ақсаңдап, жоқ, шойырылып, сыныптасым Артурға жалынып, әйтеуір бір үшімді алатынмын. Табельге түскен, белінен қайқиған қызыл «екілік» те сол орыс тілінің арқасы еді жарықтық. Білмеймін, әйтеуір орыс тіліне шорқақ болдым. Он бір жыл бітіп, сөмкемді сүйретіп қалаға келдім.

Осы жерден қазіргі шаққа өтуге рұқсат етіңіз; күні кеше қана Атырауға премьер Мәсімов келіп, «Атыраудың 98 пайызы қазақтар, сондықтан қазақ тілінен проблема жоқ. ағылшынша үйреніңдер» деп сұхбат берген.

2000 жылға қайта ораламыз: Атырау мұнай газ институтына түстім, оқу жылы басталды. Алғашқы бір-екі лекция қазақша өтіп, бойыма батылдық жинай бастап едім, геодезия пәнінен Ежирова деген мұғалім орыс тілінде лекция оқығанда қалам ұстаған қалпымда көзім бақшиып қаттым да қалдым.  Түсінбек түгіл, жазып үлгере алмадым.

Содан қойшы, мыңқылдап, тұттығып бірдеңе айтқан жазған болып жүріп жаттым, орысша бірдеңе айтқанда қатемді білдіртпеймін деп «окончаниелерін» жұтып қоюшы едім. Барлық мамандық бойынша пәндер орысша өтеді, кітаптар да орысша. Бір күні структуркадан (структурная геология) карта сызып, қасына рефератын жазып орысша, оны енді біреуден көшірдім, барып тұрмын мұғалімнің қасына. «А что за палка торчит?» деп жылан шагып алгандай баж етті апайым. (Бір сызықтың шеті шығып кетіпті). Біліп тұрған нәрсемді жеткізе алмай қылғынып жатырмын.  «А что такое нүкте?» деп сұрады бір кезде. Қызып кетіп нүкте деп айтып қалсам керек. «У меня русское образование» деп «замечание» жасады. «У меня казахское образование» деп айтуға шама жоқ…

Содан бері де 10 жыл өтіпті, орыс тілін толық меңгердім деуге әлі негіз жоқ. Дегенмен, орыс тілін үйренгеннің арқасында, алдымнан әлемге есік ашылды, нан тауып жеуге мүмкіндік бар. Орыс тіліне топырақ шашудың әсте қажеті жоқ. Дегенмен, қазақ тілінің тек әдебиет  пен мәдениет саласында ғана даусы шығатынын білдім, сосын саясатта бар шығар. Ал бірақ өндірісте оған әлі орын жоқ.

Тіл турасында томдар жазылды, жазыла да бермек, бірақ нақты іспен шұғылданып жүрміз бе? Жеке басым тілді дамыту үшін ешқандай да қосқан үлесім жоқ, қайта сәлемді «приветтен» бастап, қоштасқанда «давай» деп жүрген қазақтардың қатарындамын.

P.S. Не айтқым келгенін өзім де ұмытып, жазбамның соңы сиырқұйымшақтанып кетті ғой.  Әзірше осы, келесіде 50Х50 тақырыбында әңгіме қозғап қалуым ғажап емес.

Күн астындағы қарға…

Алдында Бүркіттін блогынан біздің үш биді танымаған жастар туралы мақаланы оқығам. Сонда бір оқиға есіме түсіп кетті.

Студент кезім, жатақханада жатамыз, улап-шулап студенттік өмірдің қызығына батып жүрген кезіміз. Бір күні әңгіме арасында группалас құрбым: Ей, ана жалауда күннің астында ұшып бара жататын қарға ма еді, не еді, бір құс бар еді ғой – деп қалды.

-Мұныңды менен басқа ешкім естімесін, тұтас бір мемлекет жалауына қарға салып алжасып отыр деймісің – деп қынжылып қалғанмын.

Содан кейін де «ақша бетіндегі шал, (Әл-Фараби)», «басы бақа сияқты, құйрығы жылан сияқты бірдеңе (кесіртке)», «ана Астанадағы шошайған бірдеңе бар ғой, сол не өзі? (Бәйтерек монументі)» тектес фразаларды жақын-жуық, дос-жарандардан арагідік естіп қалып жүрміз. Бұл енді жекелеген субъектілердің көкірегі қаншалықты ояу екендігін айқындайтын факторлар.

Осы бетімізден таймасақ, шынымен де «күн астындағы қарға» мен «ұшатын мысық» (қанатты барыс) болатын түріміз бар.

Джаз турасында

Өмірде джаз тыңдап көрмеппін. Тірі джазды. Атырауға Ари Роланд бастаған джазмендер келеді дегесін алып-ұшып барып ертерек орын алып жайғастық. Содан басталды. Басында түсінбей қалдым, әсіресе контрабасты. Контрабасты көптен көрмеген әйелінше құшып алған Ари басы былғаңдап, беріле орындап жатыр. Сол контрабастан шыққан әуендер, шынын айтқанда, маған сол кеш бойында бірдей болып көрінді, әлде мен джазды мүлде түсінбеймін бе? Содан кейін қазақтың әуендері кетті. «Желсіз түнде жарық ай» орындалды, қайран Абай… «Көзімнің қарасы» да ойналды, классика ғой енді.

«Friendship» әуеніне елтіп, санамды сағыныш билеп алды біреуге деген… Ішімнен «релайшоншип» деп күбірлеп қойдым. Іші-бауырым қопарылып жатты… (Жарама тұз құйғандай болып ол да сол концертке келіпті.) Бірақ әуен тез аяқталды да мен ностальгияны санамнан қуып жібердім.

«Біз 25 жыл бойы апта сайын бірге ойнап келеміз, ал барабаншы Кит Налланың жасы 23 те ғана» деді Ари. Соққыш екен сабазың. Барабан, саксофон, фортепиано, тромбон, керемет, бәрі де кәсіпқой музыканттар, халықтың көңілінен шыға білді.

Постскриптум: Атырауда осыншама джазсүйер қауым бар деп ойламаппын. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін келді, қоймастан шапалақ ұрдық, ине шаншар жер болмады. Әлде бұл біздің батысшылдығымыз, қалаберді, «біз джаз тыңдаймыз ғой» деген атақ үшін бе екен? Не де болса жақсы нышан.

Күні белгілі Апокалипсис

В каспийском бассейне природа как бы сама испытывает человека и говорит: «Выбирай – на поверхности уникальное сообщество рыб и животных, сформировавшееся в течение 200 млн лет в замкнутом морском бассейне. Внизу, на глубине 4000-5000 м, опасные по условиям разработки и составу колоссальные ресурсы «черного золота» самого ядовитого состава – с растворенным сероводородом в концентрации 19-22% и высокотоксичным ядом в виде меркаптанов четырех модификаций (предельнодопустимые концентрации равны 0,000009 мг/м3) и с целым букетом других ядов».
Несмотря ни на что человек выбрал нефть. Теперь природа может сказать: «Что ж, пеняй на себя, я буду мстить тебе за потерю миллиардных биологических ресурсов, я устрою катастрофы мирового масштаба».

Муфтах ДИАРОВ, директор
Научного центра региональных экологических проблем Атырауского института нефти и газа, академик Национальной Академии наук РК

http://azh.kz/2010/06/10/apokalipsis-s-otkrytojj-datojj.html

http://news.mail.ru/inworld/kazakhstan/society/3954314/

мына сілтемені оқыңызшы… Құдды бір дәрігерден дауасыз аурудың диагнозын естігендей ұнжырғам  түсіп кетті. НЕГЕ? НЕГЕ СОНША СОҚЫРМЫЗ, САҢЫРАУМЫЗ? Диаров пенде ғой, ол о дүниелік болар, бірақ жалғыз академиктен басқа ошаң етіп көтерілер ешкім жоқ па? Көтерілсең өзің неғып отырсың дейсіңдер ме? Дұрыс… Бұл мақалаға не алып-қосуға болады? Ештеңе! Бәрі дәл, анық және ақиқат! Қайран Каспий, бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған біздің маңдайға біткен жалғыз теңізіміз. Басқа теңіз жоқ бізде, Аралдан айырылдық, экологиялық апат аймағы болып ол жатыр. Мен Аджиптіктерге қызығушы едім, енді барлығы маған халық жауларындай болып көріне бастады… Атыңды сат, түйеңді сат, жатарыңда тойып жат – деген қазақ менталитеті ғасырлар өтсе де өзгермепті…

(өзім геофизика саласында болғасын, мұнай ұңғысының мінезін сәл де болса білгесін, шырылдап отырмын. Ал ұңғы басына жақын барып көрмеген, алапат темірлер мен ысқырынып жер астынан атқан газды көрмеген, офистан әрі аттап баспағандар мұны жете түсінбес бәлкім)

Жазып көрейік…

Блог ашу, жұрттың блогын оқығаным болмаса ойда жоқ еді, бүгін не де болса деп блог бастадым. Бұл да басқа бастамаларым сияқты орта жолдан үзілмесе қайдам? Дегенмен уақыт көрсетер, бұл бетше менің түйген ойларымды түртіп қоятын ғаламтордағы бір күнделік іспеттес нәрсе болмақ.

Сәлем, әлем!

Хош келдіңіздер!