Қазіргі нарықтағы әртүрлі өндірушілер ұсыған санқилы телефондардың ішінен өзің ең қажетті және тиімдісін қалай таңдап алуға болады? Қазнетті біраз қопарғаныммен тұщымды ақпарат таба алмадым. Сұрақ жауап сайтында ғана азғана мәліметтер бар. Сонымен, қандай телефон жақсы? Негізінен бұл жазбам шәйнектер мен телефон туралы түсінікті тілде ақпарат алғысы келгендерге арналған. Бұл жерде мен қайсібір телефонның техникалық сипаттамаларын бермеймін, мысалға GPRS/EDGE немесе CDMA/GSM стандарты деген сияқты әріптер жиынтығын кәсіби мамандар жазғаны дұрыс болар. )))
Телефон таңдар алдында бірінші ойланатын мәселе телефон сіз үшін сөйлесумен қатар қандай функцияларды атқару қажет деген сұраққа жауап іздеңіз. Телефон қазір телефон ұғымынан едәуір алыстап кетті. Телефон салонына барғанда «қандай қарадыңыз, телефон ба әлде смартфон ба?» деген сұрақты естіп түсінбей қалған болсаңыз осы жазбаны оқығаннан кейін түсінетін боласыз. Біріншіден смартфон, бұл дегеніміз телефон мен қалта компьютерінің ортасындағы дүние болып саналады, қалаған бағдарламаңызды орнатып, пайдалана аласыз деген сөз. Бұл жерде смартфондарды зақымдайтын вирустардың бар екенін, және онымен жұмыс жасау кезінде сәл ойланып тұрып қалатынын ескеру керек (әңгіме тек симбиан қолданатын смарттарға байланысты, андроид немесе виндоуз мобайл жүйесіндегі смарттарды қолданып көрген жоқпын). Нервіңіз жұқа, шыдамсыз болсаңыз онда телефон сатып алыңыз. Сонымен, егер сіз музыкасыз өміріңіздің мәні жоқтай көрінетін, меломан болсаңыз онда мультимедияға лайықталған Нокианың N қатарындағы телефондарды немесе Экспресс мьюзик Х серияларын (жалпы Нокианың осал тұсы музыка мен дыбысталуы деп ойлаймын), Сони Эрикссон walkman телефондарын, Самсунг телефондарын таңдаған абзал. Суретке түсіріп оны өңдеу басты мақсатыңыз болса (әсіресе қабақтын астынан қарап, басыңды төмен қаратып, өзіңді-өзің түсіріп «мирға» қоятын болсаңыз) осы нокианың N сериялы телефондарын таңдаған дұрыс, олардың оптикасы Карл Зейсс, мегапиксельдері көбірек болады. Ал егер жұмысбасты, қолыңызда телефон мен компьтердің жұмысын қоса атқаратын гаджет керек болса Нокианың Е сериясын таңдаған абзал. (әрине смартфондардың Самсунг, Сони Эрикссон т.б. маркалары туралы сөз қозғап отырған жоқпын, оны пайдаланып көргендер жазсын). Егер сіз телефонды тек сөйлесіп, смс жазу үшін тек телефон ретінде пайдаланатын болсаңыз онда жалпитып Е72 сынды немесе N8 сынды қымбат аппаратты мақтаншылық үшін алудың қажеті жоқ, 6700 сынды классикалық, тиімді телефонды ала салыңыз. Көптеген адамдардың қолынан күшті жабдықталған функционалды смартфонды көріп жүрмін, бірақ көбі оның артықшылықтары қалай пайдалануды білмей, жай телефон ретінде тұтынып жүр. Жалпы, телефон тұрғысынан эксперт емеспін, тек өз қолымнан өткен телефондарға баға бере кетейін.
Ең алғашқы телефоным Нокиа 8280 қарапайым, монотонды телефон, көп пайдаланып үлгерместен суға кетіп «қайтыс» болды.
Одан кейінгі Самсунг Х100. Күнінде болған телефон, біршама қызығын көрдім. Қазір моральдық /физикалық тұрғыдан ескіріп қалды.
Одан кейінгі Моторола «ұстара», Razer V3i , сырты жылтыр болған мен осы телефон менің Моторола тұқымын көрместей болуыма себепкер болды. Артықшылықтары: әдемі, жіңішке, әуенді таза ойнатады.
Кемшіліктері: тұла бойы тұнған кемшілік, қайсыбірін айтайын.
Одан кейінгі Нокиа Е50 смартфоны. Осы телефон менің Нокиа компаниясына деген құрметімді арттырып, Е сериясына деген махаббатымды оятты
Бар жоғы 20 мың теңгеге алынған телефон, өндірістен алынып тасталғанымен функционалдығы жағынан ұтымды және өте сапалы болды Әрине бірінші майл-агентті қондырып, екінші ABBYY лингво сөздігін қондырып алдым. Камерасы өте әлсіз, 1,3 мегапиксел, бірақ мен үшін бұл маңызды емес. Корпусы темірден жасалған, ешқандай сықырлау-мықырлау дегенді білмейтін, балғадай болатын. Тіпті ашу қысып асфальтке бар күшіммен атып ұрғанда шашылып түсіп, қайтадан жинағанда мыңқ етпей жұмыс жасай берген. Керемет мықты әрі тиімді аппарат. Өзінің бағасына тұрарлық. Операциялық жүйесі Симбиан 9.1 нұсқасы. Атап айтатыны Нокиа Е сериясын бизнеске лайықтап жасаған. Бұл серияның телефондарының дауысы жай, мультимедиялық мүмкіндіктері шектеулі, атап айтсақ суреттерді өңдеу функциясы жоқ, және де камералары әлсіз болып келеді. (Соңғы Е 71, 72 типтегілеріне 5 мп камералармен жабдықталған)
Одан кейін Нокиа N95 телефонын қолдану бақытына ие болдым. 5 МП камерасы бар, 8 Гб ішкі жадылы S60 платфорасындағы Симбиан операциялық жүйесінде жұмыс жасайтын мультимедиялық слайдер-смартфон. Алдыңғы бетінде қосымша камерасы бар, бұл видео-қоңырау шалатындар үшін. Түсірген фотоны өңдеу функциясы бар. Асфальт Урбан және Фифа ойындарының демо-версиясын ойнап көруге болады. Слайдер болғасын сықырлап, уақыт өте келе экраны босап былқылдап қалды. Динамигі бұзылып үні шықпай қалды. Бір артықшылығы экраны үлкен әрі жарық, түсірген фотоларының сапасы өте жоғары, жарқылдауығы бар. Аудио өзегі 3.5 мм екені де плюс. Жалпы жақсы аппарат.
Одан кейінгі таңдауым әрине Е сериясына түсті. Телефонға деген тәбетім мен таңдауым жақсы болғанмен, бюджетке байланысты 30 мың теңге көлеміндегі аппарат алу қажеттілігі туындады. (Сенсорлы телефон алуға болатын еді, бірақ сенсор атаулыны жақтырмаймын, әрине алмафонды пайдаланып көргенім жоқ, мүмкін оны пайдалансап пікірім өзгерер.) Бұл жерде әрине осы сегменттегі бюджеттік телефон Е63 болды, өзіме қажетті функциялардың бәрі, атап айтқанда FM радио, Wi-Fi, Quik Office, Adobe Reader, Nokia Map, қондырылған сөздік осындай ұсақ-түйек болғанымен көңіл қуантады. Және де QWERTY пернетақта. 2 мп камера, жарқылдауық, фонарик. Бір айта кететіні егер сіз қолданатын вай-фай желісі кілттелген болса, онда интернет-шлюздің ақауы деп мәлімдеп тұрып алады. Бұл қиындықты шешу үшін айпи адрес, маска подсети, шлюз және DNS сервер нөмірін қолдан енгізесіз. (кейбір кілттелмеген вай-файларға қосылып алып чайковать еткенімді жасырмаймын J ). Бірінші ретте әрине м-агент, мини-Операны қондырып алдым. Ютуб, фейсбук, ови сынды сайттар қонып тур. Онан соң Каспер қондырдым. Бір қатты қуанғаным антивирустың қоңыраулар мен смс тарды қара немесе ақ тізімге қосу мүмкіндігі. Ұнамсыз контактілердің нөмірін қара тізімге салып қоясыз да тыныш ұйықтайсыз. Нөміріңіз сол абонент үшін мәңгілік «занят» болып үзіліп кетеді де жіберген смс-тары жетпейді, Каспер жойып жібереді!!! Сосын телефон ұрланған/жоғалған жағдайда, басқа сим карта салынған кезде сіздің почтаңызға немесе нөміріңізге телефонда мынадай нөмірлі симка тұр деп жасырын смс жібереді де, «телефонды иесіне қайтар!» деп жауып тастайды, былайша блоктап тастайды. Оны ашуды ұрылар білуі керек, дегенмен пайдасы тиюі де мүмкін. Экраны таза, үлкен әрі жарық. Йцукен клавиатураның қолайлылығын сезіне отырып смс пен хат жазасың. Бұл серияның флагманы қазіргі таңда Е72 мен Е5 болса керек, дегенмен негізгі функциялары бірдей, олардың бағасының жоғарылығы жоғарда айтылып кеткендей камерасының пикселі мен корпус материалдарында болса керек. Шынын айтқанда Е 63 тің корпусы өте осал қауырсын, бұны Е50 құсатып асфальтқа ұра алмайсың, дегенмен бұл аппарат та өз бағасына әбден лайық құрал.
Артықшылықтары: баға+сапа, 3.5 мм аудио-өзек.
Кемшіліктері: дыбысы жай, камерасы шамалы, корпусы әлсіз, дауыс шығаратын-басатын түймелері жоқ, флеш-картаны бөлек сатып аласың, наушнигі шамалы, диск берілмейді.
Телефон айтарлықтай ескі болғанмен әлі күнге өз құндылығын жоғалтқан жоқ, сондықтан алам деушілерге берер кеңесім ойланбастан алыңыз. Ал Сони Эрикссон, LG, Панасоник сынды телефондарды пайдаланбағасын баға бере алмаймын. Қысқаша осылай.
P.S. негізі кірпіш сименске ештеңе жетпейді